ЖАҢАЛЫҚТАР
«Алға» халықаралық қауымдастыққа өтініш айтпақ

21 қарашада Алматы қаласы прокуратурасы сотқа "Алға" партиясы мен "Халық майданы" ұйымын, "К-плюс" телеарнасы, "Взгляд", "Голос республики" газеттері мен "Голос республики", "Стан-ТВ" интернет-порталдарының ресурстарын жабу туралы талап арыз түсіргені хабарланған еді.
"Прокуратураның партияға және бірқатар тәуелсіз БАҚ-тарға қарсы сот талабы - оппозиция мен өзгеше ойлайтындардың үстінен жүргізіліп отырған саяси өшпенділік сценарийінің мәреге жетуі. "Демократиялық" Қазақстан 2013 жылды оппозициясы мүлдем жойылған, тәуелсіз БАҚ деген атымен жоқ, түрменің бәрі ар-ождан тұтқындарына толған мемлекет ретінде қарсы алады" дейді партия.
"Алға" партиясы халықаралық қауымдастыққа, Еуропа парламенті, ЕҚЫҰ, БҰҰ, құқық қорғау ұйымдарына президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандық өкілетті орындарының оппозиция мен тәуелсіз БАҚ-қа қатысты іс-әрекеттеріне саяси және құқықтық баға беруін сұрап өтініш айтпақ.
Партия халықаралық қауымдастықтан Қазақстан үкіметінен адам құқықтарын демократиялық ұстанымдар мен стандарттарға сай етуді талап етіп, экономикалық және саяси қысым жасауды да сұрамақ.
Басқа да жаңалықтар
"Бюджетті жымқырды" деп айыпталған "Астана LRT" компаниясының бұрынғы жетекшісі Түркияда ұсталды

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркияның құқық қорғау органдары "Астана LRT" компаниясының бұрынғы жетекшісі Талғат Арданды ұстағанын хабарлады. Ол Қазақстанға экстрадицияланады.
ҰҚК-ның мәліметінше, Қазакқстан бас прокуратурасы 2019 жылы Түркия әділет министрлігіне халықаралық іздеу жарияланған Талғат Арданды беру жөнінде сұрау жіберген. Соған орай Түркияның күштік құрылымы іздеу шараларын жүргізген.
"ҰҚК биыл оның нақты қайда жүргенін анықтады, бұдан кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталияда ұстады. 9 мамырда Анталия соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарды. Қазіргі кезде ол қамауда" деп жазылған ҰҚК хабарламасында.
Ведомствоның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік органдарды Арданды елге қайтару процедурасын бастаған.
2023 жылы мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған Талғат Арданды жеті жылға бас бостандығынан айырған еді. 2024 жылы қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тағы бір үкім шығарды. Бұл жолы оған "билік өкілетін асыра пайдаланды" деген айып тағылды. Бұл іс те сырттай қаралды. Сот Талғат Арданды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. 2023 жылдың мамыр айындағы үкімдегі жазамен біріктіріліп, нәтижесінде Талғат Ардан 9 жыл түрмеге кесілді. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.
Бұған қоса, сот айыпталушыны City transportation systems компаниясының пайдасына қарай 85 млрд теңгеден астам қаражатты өндіру туралы қаулы шығарды.
Ардан мен оның өкілдерінің сот үкіміне реакциясы белгісіз.
2021 жылы қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана LRT" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан Стамбұлда екенін, оны ұстау шаралары жүріп жатқанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та екенін, АҚШ-пен экстрадиция бойынша екіжақты келісім жоқ болғандықтан оны елге қайтару мүмкін еместігін айтқан. Сот Ардан мен Сұлтанбековті сырттай қамауға санкция берген.
Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі астананың сол жағалауынан әуежай және темір жол вокзалына дейін жолаушылар тасымалдауы тиіс болған. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Астанада жұрт жақсы білетін "мұнаралар" сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған "Астана банкі" 2018 жылы лицензиясынан айырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, "даулы жоба" деп атаған.
Дегенмен астана билігі қоғам сынына қарамастан кейінірек LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлаған.
2021 жылы маусымда City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») компаниясының жобаны жалғастыру үшін үкімет кепілдігімен 1,08 млрд доллар көлемінде несие алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Астана билігінің айтуынша, несие республикалық бюджеттен, яғни салық төлеушілердің есебінен қайтарылмақ.
2025 жылы мамырда City transportation system үстіңгі құрылыс жұмыстарының 25 пайызы аяқталғанын хабарлады. Жоспарланған 22,4 шақырым қос желінің 5,6 шақырымы аяқталған.
Алматыда Шешенстан билігін сынап жүрген белсенді ұсталғаны хабарланды

Алматыда шешен белсендісі Мансур Мовлаев ұсталғаны хабарланды. Бұл ақпаратты Азаттыққа өзін оның танысы ретінде атаған қала тұрғыны хабарлады.
"Кеше (13 мамыр - ред.) кешке ол бізге хабарлама жіберді. "Мені ұстады. Бауырлар, көмектесіңдер" деген. Қайта хабарласқан кезде телефоны өшірулі тұрды. Алматы полициясындағы дереккөз бізге оған Ресейде іздеу жарияланғанын айтты. Ол білуімше, кейінгі 1,5 жылда Алматыда тұрған. Біз оның белсенді екенін, Шешенстан билігін сынағанын да ұсталғаннан кейін ғана білдік. Онымен талай дастархандас болғанбыз. Оны егер Шешенстанға қайта жіберсе, оны өлім күтіп тұрғаны анық. Сондықтан бұл мәселеге құқық қорғаушылардың назарын аудартқымыз келеді" деді аты-жөнін атағысы келмеген тұрғын.
Азаттық Мовлаевтың ұсталғаны жөнінде басқа дереккөз таба алмады. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірге Азаттық сауалына жауап бермеді.
"Настоящее время"арнасының жазуынша, былтыр Ресейге экстрадициялау қаупі төнгеннен кейін шешен белсендісі Мансур Мовлаев Қырғызстаннан кеткен. Ол сол кезде әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейде өзінің бауырлары Зелимхан мен Хамзатты өзіне қысым көрсету мақсатында ұстағанын хабарлаған.
Арнаның жазуынша, Мансур Мовлаев Шешенстан билігін сынағаны үшін 2020 жылы "есірткі" бабымен сотталған. Шешен белсенділері оның ісінің саясиланғанын айтқан. 2022 жылы шартты түрде босап шыққан Мовлаевты сол жылы тамызда шешен полициясы қайта ұстап, құпия түрмелердің біріне қамаған. Арнаның мәліметінше, белсенді ол жақтан қашып кетіп, Қырғызстанға жеткен. Ресейде экстремизм бабы бойынша оған іздеу жарияланған.
Таразда мәслихат депутатының соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевтің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Ресми хабарламаға сүйенсек, "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілген. Жәбірленушіге медициналық көмек берілген. Ол ауруханаға жатудан бас тартқан.
Бұған дейін әлеуметтік желіде аудандық мәслихат депутатын ұрып кеткені жөнінде ақпарат тараған еді. Ақпаратқа қарағанда, оқиға 13 мамыр кешке Тараз қаласында облыстық полиция департаменті маңындағы дәмханада болған. Ол жаққа депутат жұмыс сапарымен барған.
Оқиғаға не себеп болғаны белгісіз. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына сүйенген "За нами выехали" арнасының жазуынша, Байғазиевтің сол жақ сүйегі сынаған. Дәрігерлер оның денсаулығына қауіп барын ескертсе де, ол ауруханаға жатпаған.
Сәуірдің аяғында Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреудің оқ атып, жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған еді. Жергілікті басылымдар осыған дейін шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істегенін жазған еді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Трамп Стамбұлдағы Украина бойынша келіссөзге Рубио қатысатынын айтты

Түркияда өтетін Украина мен Ресей бойынша келіссөз “айтарлықтай жақсы нәтиже беруі мүмкін” деп мәлімдеді Сауд Арабиясында жүрген АҚШ президенті Дональд Трамп.
Трамптың сөзінше, 15 мамырда өтетін Украина-Ресей келіссөзіне АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио барады.
Бұған дейін Америка ақпарат құралдары Стамбұлға Трамптың арнайы уәкілі Кит Келлог пен Таяу Шығыс бойынша арнайы уәкілі Стив Уиткофф қатысатынын жазған еді. Ақпаратқа қарағанда, америкалықтар келіссөз процесіне қатыспайды, тек оның барысын бақыламақ.
Эр-Риядта сөйлеген сөзінде Дональд Трамп “қантөгісті аяқтау үшін бар күш салатынын” айтты. “Оған қол жеткізе аламыз ба, көрейік” деді Америка басшысы.
15 мамырда Стамбұлда келіссөз өткізуді Ресей басшысы Владимир Путин ұсынған. Алайда оның қандай форматта өтетіні белгісіз. Украина басшысы Владимир Зеленский Стамбұлда Путинмен тіке сөйлесуге дайын екенін мәлімдеген. Бірақ дәрежесі одан төмен ресейлік ресми тұлғалармен сөйлеспейтінін ескерткен.
Ресей жағы Стамбұл делегацияға жіберетінін айтқанмен Путиннің қатысатынын-қатыспайтынын нақтылаған жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ресей мен Украинаны тіке келіссөзге шақырып, өзінің Стамбұлға баруы мүмкін екендігін де жоққа шығармаған еді.
Грузия премьері Кобахидзе Трамп пен Вэнске ашық хат жазды

Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе АҚШ президенті Дональд Трамп пен вице-президенті Джей Ди Вэнске ашық хат жолдады. Хат мәтінін ол өзінің Facebook парақшасында жариялады деп хабарлады Азаттықтың Грузин қызметі.
Кобахидзе осыдан бірнеше апта бұрын Ақ үйге АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен қарым-қатынасты "жаңа парақтан" бастағысы келетіні туралы жазған хатына жауап алмағанын айтқан. Бұған таңданыс білдірген ол Трамп әкімшілігі мен "Грузин арманы" үкіметі арасында "ортақ құндылықтар" бар деп, ондайлардың қатарында Украинадағы соғысқа және "ЛГБТ насихаты" дегенге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін атап жазған.
Кобахидзе АҚШ-тың бұрынғы әкімшіліктері мен "тұңғиық мемлекет" деп аталып жүргенді "Грузин арманы" партиясының саяси бәсекелестеріне жәрдемдесіп, "революциялар ұйымдастырды" деп айыптаған. Осыған байланысты ол Джо Байден әкімшілігі грузин саясаткерлері мен шенеуніктеріне қарсы енгізген санкцияларды Трамп әкімшілігінің әлі күнге дейін алып тастамағанына таң қалып отырғанын айтқан. Ол бұл санкциялар Грузия билігі [АҚШ-тың] USAGM агенттігі қаржысына ұйымдастырылған делінген революция жасау талпынысының алдын алғандықтан салынған деген пікірде. Бұған қоса Кобахидзе қазіргі кезде АҚШ Конгресі талқылап жатқан Грузияға қатысты санкцияларды күшейту туралы заң жобасын орынсыз деп атады. Бұл заң жобасын АҚШ-та демократтар мен республикашылдардың көпшілігі қолдап отыр.
АҚШ әкімшілігі өкілдері Грузия премьерінің хатына әзірге жауап берген жоқ.
Кобахидзе хатында сынға алған санкцияларда АҚШ былтыр Грузияда парламент сайлауынан кейін басталған наразылықтарды қатаң түрде басып-жаншығаны үшін Грузия билігіне қарсы енгізген.
Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, биліктегі "Грузин арманы" партиясы тағы да жеңіске жеткен. Оппозиция сайлау қорытындысы бұрмаланған деп есептейді.
АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі сонымен қатар Грузия билігін демократиялық қағидалардан алыстап жатыр деп айыптап, бұл елмен стратегиялық серіктестігін тоқтататынын мәлімдеген. Қазіргі кезде Трамп әкімшілігі Тбилисиге қатысты ешқандай жаңа шешім қабылдаған жоқ.
Песков: Ресей Стамбұлға кім баратынын Путиннің ұйғарымынан соң жариялайды

Ресей 15 мамырда Стамбұлда өткелі отырған Украинамен келіссөзге дайындықты жалғастырып жатыр, ал Кремль әзірге бұдан өзге ештеңе айта алмайды. Сейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді.
Ресейден Стамбұлдағы келіссөзге кім қатысатыны туралы қойылған сұраққа Песков Кремль ресейлік делегация құрамын президент Путин қажет деп тапқан кезде жариялайтынын айтты.
Бұған дейін бірқатар Telegram-арналар, соның ішінде ЕЖ арнасы, ресейлік делегация құрамында Сергей Лавров пен Юрий Ушаков болады деп хабарлаған еді, алайда мұндай ақпаратты қайдан алғанын көрсетпеген.
Кремль сейсенбі күні президент Путин 14 мамырда Мәскеуде Малайзия премьер-министрін қабылдайтынын хабарлады.
Киев Мәскеуге атысты ешқандай алғышартсыз 30 күнге толық тоқтатуды ұсынып, оған Еуроодақ пен АҚШ қолдау танытқаннан кейін Путин жауап ретінде Стамбұлда 15 мамырда келіссөз өткізуді ұсынған. Мәскеу атысты 30 күнге тоқтату жөнінде ештеңе демеді. Украина президенті Владимир Зеленский Кремльдің ұсынысына жауап ретінде Түркияға тек Путинмен бетпе-бет кездесуге ғана баруға дайын екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украинаны тікелей келіссөзге шақырып, өзі де Стамбұлға ұшып келуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Қазір Трамп Таяу Шығыста сапармен жүр.
Bloomberg агенттігі сейсенбі күні дереккөздерге сүйеніп, Еуропа одағы елдері Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды Стамбұлдағы келіссөздің мән-жайы анық болғанға дейін кейінге қалдыра тұруға келіскенін жазды.
Әзірге Стамбұлда келіссөз нақты өтетіні де, Ресей мен Украина делегацияларының құрамы да ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен, тараптардың кейінгі мәлімдемелері және Ресей мен Украинаның Түркия өкілдерімен өтуі ықтимал кездесуге белсенді дайындалып жатқанына қарап, қандай форматта екені әзірге белгісіз Стамбұлдағы кездесу өтуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды деп жазады ақпарат агенттігі.
Ресейде Путиннің бұрынғы жақын серігі Сергей Пугачевті сырттай 14 жылға соттады

13 мамыр күні Мәскеудің Тверь аудандық соты қазір Францияда тұрып жатқан, Ресейде банкрот болған Межпромбанктің бұрынғы бенефициары Сергей Пугачевті ірі көлемдегі ұрлық жасау және өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша айыпты деп, сырттай 14 жылға бас еркіндігінен айырды.
1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында Ресей президенті Владимир Путинге "етене жақындар" қатарында болған Пугачевке сот бүгін 800 мың рубль айыппұл салды. Оның мүлкі бұғатталған.
Айыптаушы тарап соттан Пугачевке 14,5 жыл түрме жазасын сұраған еді.
Ресей федерация кеңесінің Тувадан сайланған мүшесі өкілеті тоқтағаннан кейін, 2011 жылы Ресейден кеткен Сергей Пугачевке 2013 жылдың аяғында сырттай айып тағылған. Оған қарсы іс Межпромбанктың 2010 жылы банкрот болуымен байланысты қозғалған. Тергеу Пугачев банкті әдейі банкрот жасап, оның қаражатын иемденіп алған деп есептейді. Оған дейін Пугачевтің қоластында жұмыс істеген бірнеше адам сотталып кеткен.
Ресей бас прокуратурасының деректері бойынша, Францияның құзырлы органдары Пугачевті Ресейге экстрадициялаудан бас тартқан.
Кейінгі жылдары Сергей Пугачев көптеген сұхбат берді, солардың арасында Азаттық радиосының Орыс қызметіне де бірнеше рет сұхбат беріп, Владимир Путинді қатты сынға алған.
Пугачев 1990 жылдардың ортасынан бастап Ресейдің болашақ президентінің жақын серіктерінің бірі болған, оның сайлауалды штабы жетекшілерінің бірі болып қызмет атқарған, Федерация кеңесіне Тува республикасынан өкіл, Ресейдің өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының вице-президенті болған.
Пугачев кезінде Борис Ельцинге биліктегі мұрагері ретінде Путиннің кандидатурасын өзі ұсынғанын, өзі Путинмен бірге жұмыс істеп қана қоймай, онымен достық қарым-қатынаста болғанын айтады. Сөзіне дәлел ретінде отбасы архивіндегі фотосуреттерді желіде жариялаған, олардың кейбірінде Владимир Путиннің қыздары — Екатерина Тихонова мен Мария Воронцованың жасөспірім шақтағы бейнелері бар.
Трамп Таяу Шығысқа сапарын Сауд Арабиясынан бастады

АҚШ президенті Дональд Трамп 13 мамыр күні таңертең Сауд Арабиясына барды. Эр-Рияд әуежайында Трампты Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман ханзада қарсы алды.
Бұл – Трамптың биыл қаңтарда президент қызметіне кіріскеннен кейінгі шетелге жасаған екінші және алғашқы ресми сапары. Бұған дейін ол сәуір айының аяғында Ватиканда Рим папасын жерлеу рәсіміне қатысқан еді.
Сауд Арабиясына сапары барысында Трамп тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман ханзадамен келіссөз жүргізіп, инвестициялық форумға қатысады. Сәрсенбі күні Трамп Қатарға, ал бейсенбі күні Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барады деп жоспарланған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл сапардың басты тақырыбы – экономикалық және сауда қатынастары болмақ, ал Газа секторындағы соғыс немесе Иранның ядролық бағдарламасы мәселелері талқыланбайды. Сауд Арабиясына ең ірі кәсіпкерлер тобы қоса барған, олардың арасында Blackrock және Blackstone холдингтерінің басшылары, сондай-ақ Трамп әкімшілігінің шенеунігі мәртебесіне ие әлемдегі ең бай адам Илон Маск та бар.
Таяу Шығысқа сапарға шығар алдында Трамп егер бейсенбі күні Түркияда Украина мен Ресей президенттері тікелей бейбіт келіссөз өткізетін болса, онда өзі де баруы мүмкін екенін аяқ астынан айтқан. Ресей президенті Владимир Путинге бетпе-бет кездесу жайлы ұсынысты Украина президенті Владимир Зеленский жасаған – ол мұны Путиннің кімдер қатысатынын нақтыламастан, Украинаға келіссөз өткізу жөнінде жасаған ұсынысына жауап ретінде айтқан. Трамп егер бұл жақсы нәтиже әкелетін кездесу болса, онда Стамбұлға ұшып баруы мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда қазіргі уақытта Путиннің ол келіссөзге қатысатыны да, Трамптың Түркияға баратыны да әлі ресми түрде расталған жоқ.
Reuters агенттігі Трамптың Сауд Арабиясындағы келіссөздері барысында осы ел мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мәселесі қозғалмайтын тәрізді деп жазды. Агенттік дереккөздері мұны Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Палестина мемлекеті мен Газадағы атысты тоқтату мәселелеріне қатысты қатаң ұстанымымен байланыстырады. Эр-Рияд Израильмен қарым-қатынас орнатуға дайын екенін білдірген, бірақ ол үшін Газадағы әскери іс-қимылдар тоқтатылуы керек.
Трамптың өкілі Вашингтон Мәскеу мен Киевке қандай талап қойғанын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Мәскеу мен Киевке бір-бірімен тікелей келіссөз жүргізу жөнінде талап қойған. Breitbart басылымына берген сұхбатында Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф осылай деп мәлімдеді.
"Оның (Трамптың) пікірінше, егер келіссөз өтпейтін болса немесе жақын арада өтпесе, онда Америка Құрама Штаттары, бұл жанжалдан аулақ кетіп, не болатынына қарамастан, оған араласпағаны жөн, — деді Уиткофф Трамп жайлы. — Біз араағайын болуға дайынбыз. Бірақ бұл біздің соғыс емес. Бұл соғысты біз бастаған жоқпыз. Бірақ біз оның аяқталуына көмектескіміз келеді".
Уиткофф Украинадағы соғысты "ақымақтық" деп атап, ол "басталмауға тиіс еді" деп мәлімдеді. Ол Ресей мен Украина президенттері жақын арада кездесуі мүмкін деп есептейді.
Сұхбат өткен аптада — Ресей президенті Владимир Путинн Украинадан Стамбұлда тікелей келіссөз жүргізуді талап етерден бұрын және Украина президенті Владимир Зеленский Стамбұлға өзі барыпп, Путинді бетпе-бет кездесуге күтемін деп уәде бергенге дейін жазылып алынған.
Осыдан кейін Трамп та Стамбұлдағы кездесуге қатысуға дайын екенін аңғартты. Кремль Путинді Стамбұлға жеке келуге шақырған Зеленскийдің талабына байланысты нақты жауап бермей, тек Мәскеу тікелей келіссөзге қайта оралу қажеттігі жөніндегі өз ұстанымын білдіргенін айтты.
Мәскеу соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне сырттай үкім шығарды

Мәскеудің Басман аудандық соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевский 6 жылға бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтесін деп оған сырттай үкім шығарды. Ресейлік басылымдар мұны дипломаттың адвокатының айтқанына сүйеніп хабарлады.
Ресей соты Украина дипломатына осымен екінші рет әлгіндей жаза мерзімін белгілеп, үкім шығарып отыр.
Бұған дейін Басман соты 2024 жылдың тамыз айында Петр Врублевскийді ұлт пен тіл ерекшілігіне бола өшпенділік пен жаулық тудыру бабы бойынша айыпты деп танып, 6 жылға бас еркіндігінен айыру жазасын сырттай кескен.
Сол жылы қарашада сот істі қайта қарау үшін әлгі үкімнің күшін жойған.
2022 жылдың тамыз айында қазақстандық блогер Диас Кузаировтың арнасында Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің сұхбатынан үзінді жарияланған. Соғыс басталғаннан кейін Украина азаматтарының ресейліктерге көзқарасы туралы сұраған блогерге елші: "қазір неғұрлым көп орыстың көзін құртсақ, балаларымыз соғұрлым аз жоятын болады" деп жауап берген. Дипломат жауабында тек соғысып жүрген Ресей сарбаздарын меңзеді ме, болмаса Ресейдің кез келген азаматы туралы айтты ма, ол жағын нақты түсіндірмеген.
Оның бұл сөзі әлеуметтік желіде тарап, Мәскеу Астанадан Врублевскийді елден кетіруді талап етті. Осы жайтқа байланысты Ресей сыртқы істер министрлігі тіпті Қазақстанның Ресейдегі елшісін шақыртты.
Одан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украина елшісі Петр Врублевскийді шақыртып, оған наразылық білдіргенін мәлімдеп, "Врублевский кешірім сұрады" деген ақпарат таратты.
2022 жылғы қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен босатқан. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі сол кезде Врублевский елден шығарылсын деген талап қоймағанын, оның демалыста екенін мәлімдеген еді.
Екі жыл үзілістен соң, 2025 жылғы 7 сәуірде Украинаның Қазақстандағы жаңа елшісі тағайындалды.
БАҚ: Ресейдің Украинадағы әскерінің бұрынғы бас қолбасшысы Суровикин Алжирде жұмыс істеп жүр

Украинамен соғыста Ресей әскерінің біріккен тобын басқарған армия генералы Сергей Суровикин қазір Алжирде қызмет атқарып жүр. Ресейлік "Коммерсант" газеті осылай деп хабарлады. Басылым Ресейдің Алжирдегі елшілігінде Жеңіс күніне орай өткен қабылдауда түсірілген фотосуреттерде дипломатиялық миссия қонақтарының арасында Суровикинге қатты ұқсайтын адам бейнеленгеніне назар аударған.
Елшілік хабарламасында генералдың аты-жөні жоқ. Ол тек "ресейлік әскери мамандар тобының жетекшісі" ретінде аталған.
2023 жылдың жазында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін салушы Евгений Пригожиннің бүлігінен кейін генерал Суровикин жұрт көзіне түспейтін болған. Бұқаралық ақпарат құралдары генерал бүлік жайлы алдын ала біліп, кейінірек қамауға алынған болуы мүмкін деп топшылаған еді, алайда бұл ақпаратты ресми түрде ешкім растаған емес.
Генерал Сергей Суровикин 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың қаңтарына дейін Ресейдің Украинадағы әскери тобын басқарды. Ол кезеңде Ресей армиясы Херсон қаласынан шегінген болатын.
2023 жылдың тамызына дейін Суровикин Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарды.
Биылғы жылдың басында Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виктор Соболев Суровикин Африка елдерінің бірінде әскери кеңесші болып жұмыс істеп жүр деп мәлімдеген еді.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Ресейді 2014 жылғы "Боинг" апатына жауапты деп таныды

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) кеңесі 2014 жылы Донбасс аумағында Malaysia Airlines әуе компаниясының MH17 жолаушы рейсі ұшағының апатқа ұшырауына Ресей жауапты деген байлам жасаған. Мұны Нидерланд үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәлімдемеде ICAO кеңесі Ресей халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның, яғни Чикаго конвенциясының ережелерін бұзған деген қорытындыға келгені айтылған.
"Кеңес бұған қоса өтемақы мәселесін қарайды және Ресейдің Нидерланд пен Австралиямен келіссөздерге кіріскенін күтеді. Біз бұл істе кеңестің белсенді қолдауына үміт артамыз", — деп жазылған Нидерланд үкіметінің ресми сайтындағы хабарламада.
Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрлігі ICAO кеңесінде Нидерландымен және Австралиямен бірге ұшақ апатын анықтау ісіне қатысуды доғаратынын мәлімдеген. Сонымен бірге, Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті қарары аясында ұшақ апатының себептерін анықтауға дайын екенін айтқан.
- 2014 жылғы 17 шілдеде Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған Malaysia Airlines компаниясының жолаушы ұшағы Донецк облысы аумағына құлаған. Халықаралық тергеу ұшаққа Донбасқа Ресейден әкелінген "Бук" зениттік-зымыран кешенінен атылған зымыран тигенін анықтады. Апат салдарынан ұшақтағы кісілердің бәрі –298 адам қаза тапты.
- 2022 жылғы 17 қарашада Гаага округтік соты ұшақ апатына байланысты айып тағылған үш адамды — Игорь Гиркин (Стрелков), Сергей Дубинский және Леонид Харченконы өмір бойына бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарды. Тергеу жолаушы ұшағын атып түсірген "Бук" кешенін тасымалдауды сол үшеуі ұйымдастырғанын анықтаған.
- Мәскеу ұшақ апатына байланысты кінәні мойындаудан бас тартып, халықаралық тергеу деректеріне сенбейтінін мәлімдеген. Ресей тарапы "Боинг" жолаушы ұшағының апатқа ұшырауына Украина кінәлі деген, алайда 2014 жылғы 17 шілдеде не болғаны жайлы нақты өз нұсқасын келтірмейді.
ХАМАС кепілде ұстаған Идан Александерді босатты

Палестиналық ХАМАС радикалдар тобы АҚШ пен Израиль азаматтығы бар 21 жастағы Идан Александерді 12 мамырда Газа секторында Қызыл Крест халықаралық комитетінің өкілдеріне тапсырды.
АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде әскери бекеттегі Идан Александерді тұтқындап, Газа секторына алып кеткен. Ол содан бері 584 күнді тұтқында өткізді.
АҚШ-тың Нью-Джерси штатының тумасы Идан Александер мектеп бітірген соң Израильге барып, армия қатарына қызметке кірген. ХАМАС-пен келіссөз процесіне қатысқан АҚШ-тың өтініші бойынша, тұтқынды тапсырған сәт тікелей эфирден көрсетілген жоқ.
Идан Александер Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сарбаздарына тапсырылып, кейінірек Реимдегі әскери базаға орналасқан тұтқындарды қабылдау пунктінде туған-туыстарымен қауышқан. Ол жерде АҚШ президентінің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф та болды.
ХАМАС тобы бұған дейін Александерді Израиль жағына тапсырғанын растаған болатын.
Палестиналықтардың мәлімдемесінде Александерді тапсыру ісіне АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің араағайындық жасағаны айтылған.
ХАМАС өз мәлімдемесінде "аса икемділік" танытқанын және "атысты тоқтатуды, тұтқын алмасуды, Израиль әскерін шығаруды және қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруді" қамтитын кешенді келісім бойынша шұғыл келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтқан.
Идан Александер – ХАМАС қолында қалған соңғы тірі америкалық тұтқын. АҚШ тағы төрт азаматының сүйегін қайтаруды ХАМАС-тан сұрап отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада Таяу Шығысқа сапарын бастайды, бірақ Израильге бару жоспары жоқ.
11 мамырда ХАМАС 2023 жылғы 7 қазанда жасаған шабуыл кезінде тұтқынға алған адамдардың жаңа видеосын жариялаған. Видеоның соңында "атысты тоқтату туралы келісім ғана тұтқындардың өмірін сақтап қала алады" деген жазу берілген. Бұл видео қашан және қандай жағдайда түсірілгені белгісіз.
ХАМАС 2023 жылы қазанда тұтқындап әкеткен адамдардың 58-ін әлі қайтарған жоқ, олардың шамамен 20-сы тірі болуы мүмкін деген болжам бар.
Ұлыбританияда Ресей мүддесіне тыңшылық жасаған алты болгар азаматы сотталды

Лондон соты Болгарияның алты азаматын Ресейдің мүддесіне тыңшылық жасағаны үшін айыпты деп танып, оларды ұзақ мерзімге түрмеге қамауға үкім шығарды. Азаттықтың Болгар қызметінің хабарлауынша, топ мүшелеріне кесілген жазаның жиынтық мерзімі –50 жыл.
Топ жетекшісі Орлин Русев ең ұзақ мерзімге – 10 жыл 8 айға сотталды. Оның орынбасары Бисер Джамбазов 10 жыл 2 айға бас еркіндігінен айырылды. Ал Иван Стоянов кінәсін мойындағандықтан, сот оның жазасын 15 пайызға қысқартып, сотталғандар арасында ең қысқа мерзім – бес жыл түрме жазасын алды.
Лондон соты топтың өзге мүшелеріне "қылмысының ауырлығына байланысты" келесідей жаза кесті:
- Катрин Иванова – 9 жыл 8 ай;
- Ваня Габерова – 6 жыл 8 ай;
- Тихомир Иванчев – 8 жыл.
Судья Николас Хиллард Орлин Русев басқарған операциялар Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірді деп мәлімдеді. Айыптау қорытындысына сәйкес, сотқа тартылған бұл алты адам Ресей барлауымен тікелей жұмыс істемеген және олардың басты көздегені – ақша болған.
Сот үкіміне сай, алтауы да жаза мерзімінің жартысын Ұлыбритания түрмесінде өтеп, кейін Болгарияға депортацияланады. Британдық бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, бұл топ кезінде Ұлыбританияда тұрып жатқан ресейлік зерттеуші журналист Роман Доброхотовты ұрлауды жоспарлаған.
Бұған дейін Лондондағы сотты бақылап отырған британ ақпарат құралдары айып тағылған Болгария азаматтары Insider медиа жобасының шеф‑редакторы Роман Доброхотов пен журналист-зерттеуші Христо Грозевтен бөлек, Ұлыбританиядан саяси баспана алған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті аңдыған деп жазған.
Сот процесі басталған кезде ВВС айыптау актісіне сілтеп, экс-әкімді аңду "Ресей мен Қазақстанның байланысын нығайту үшін жасалған. [Қазақстан] билігіне саяси оппоненттерінің қудаланғаны тиімді болуы мүмкін" деп хабарлаған. Telegraph басылымының жазуынша, тыңшылар желісінің жетекшісі Орлин Русев Интерполда іздеуде жүрген Ян Марсалекпен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы жайлы "фейк жасауды" талқылаған.
Ресей мүддесіне тыңшылық жасау ісі бойынша процесс Лондон сотында былтыр қараша айының аяғында басталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, болгар азаматтарынан құралған топ Ресейдің арнайы қызметтерінің тапсырмаларын орындаған: Ұлыбританияда, Германияда, Австрияда, Испанияда және Черногорияда деректер жинау мен аңду жұмыстарын атқарған. Топ мүшелерінің Telegram мессенджерімен жазған хаттарына қарағанда, олар Русевтің басшылығымен әрекет еткен, ал Русев Ян Марсалектен нұсқаулар алып отырған.
Ян Марсалек — Wirecard төлем компаниясының бұрынғы операциялық директоры. Қазір Германияда оның үстінен қозғалған Ресей мүддесіне тыңшылық жасау ісі бойынша тергеу жүріп жатыр.
Былтыр наурыз айында Der Spiegel, Standard, The Insider басылымдары мен ZDF телеарнасы Марсалек он жылға жуық Ресейдің арнайы қызметтерімен байланыста болған болуы мүмкін деп хабарлаған. Қазіргі уақытта Ян Марсалек халықаралық іздеуде жүр.
Штаб-пәтері Мюнхенде орналасқан Wirecard қаржы концерні 2020 жылы банкротқа ұшыраған: оның Азиядағы есепшоттарында шамамен екі миллиард еуро жетіспейтіні анықталған. Бұл іс Германияның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихындағы ең ірі қаржы жанжалы болған еді.
Азиядағы келісімдерге концерннің бас менеджері Ян Марсалек жауапты болған. Тергеу басталған соң ол із суытып, алғашында Беларусьқа барғаны анықталды. Кейін оның Ресейде жүргені анықталды, қазір де сонда болуы мүмкін деген болжам бар.
АҚШ пен Қытай баж алымын уақытша 115 пайызға төмендете тұруға келісті

АҚШ пен Қытай өзара саудада бұған дейін жарияланған импорттық баж салығын едәуір арттыруды 90 күнге кейінге қалдыра тұру жөнінде уақытша келісімге келді. Бұл туралы Женевада өткен келіссөз қорытындысы бойынша АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент хабарлады.
Баж салығын бірнеше кезеңмен көтеру нәтижесінде АҚШ Қытайдан әкелінетін кейбір тауарларға салған баж салығы 145%-ға дейін, ал Қытай АҚШ тауарларына баж алымын 125% етіп ұлғайтқан еді.
Бессенттің айтуынша, енді тараптар баж салығын кем дегенде 90 күнге 115%-ға төмендете тұруға келіскен. Ақ үй келіссөз нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жариялады. Онда бұл келісім осы аптада, 14 мамырдан бастап күшіне енетіні айтылған.
Бұл келісім Қытайдың америкалық тауарларға салатын баж салығы бастапқы 10% деңгейіне түседі, ал АҚШ-тың Қытай тауарларына салатын бажы 30% болады дегенді білдіреді. Алдағы үш ай ішінде тараптар өзара сауда мәселелері бойынша келіссөздерді жалғастырады.
Бұл жаңалық нарыққа оң өзгеріс әкелді: активтер құны өсіп, мұнай мен биткоин да қымбаттады.
АҚШ әкімшілігі Қытай тауарларына баж салығын осы елмен саудадағы теңгерім әділ емес деген сылтаумен көтеруді ұйғарған. Вашингтон Қытай билігін "синтетикалық есірткі фентанил өндіруге қолданылатын химиялық заттар экспортына тосқауыл қоймады" деп кінәлаған. Қытай болса өзі негізсіз деп санайтын айыптауларға бола төменшектемейтінін айтып, өз мүдделерін қорғайтынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР