ХАМАС кепілде ұстаған Идан Александерді босатты

ХАМАС тұтқынынан босап шыққан Идан Александер туыстарымен қауышып тұр. Рейме, Израиль, 12 мамыр, 2025 жыл.

Палестиналық ХАМАС радикалдар тобы АҚШ пен Израиль азаматтығы бар 21 жастағы Идан Александерді 12 мамырда Газа секторында Қызыл Крест халықаралық комитетінің өкілдеріне тапсырды.

АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде әскери бекеттегі Идан Александерді тұтқындап, Газа секторына алып кеткен. Ол содан бері 584 күнді тұтқында өткізді.

АҚШ-тың Нью-Джерси штатының тумасы Идан Александер мектеп бітірген соң Израильге барып, армия қатарына қызметке кірген. ХАМАС-пен келіссөз процесіне қатысқан АҚШ-тың өтініші бойынша, тұтқынды тапсырған сәт тікелей эфирден көрсетілген жоқ.

Идан Александер Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сарбаздарына тапсырылып, кейінірек Реимдегі әскери базаға орналасқан тұтқындарды қабылдау пунктінде туған-туыстарымен қауышқан. Ол жерде АҚШ президентінің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф та болды.

ХАМАС тобы бұған дейін Александерді Израиль жағына тапсырғанын растаған болатын.

Палестиналықтардың мәлімдемесінде Александерді тапсыру ісіне АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің араағайындық жасағаны айтылған.

ХАМАС өз мәлімдемесінде "аса икемділік" танытқанын және "атысты тоқтатуды, тұтқын алмасуды, Израиль әскерін шығаруды және қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруді" қамтитын кешенді келісім бойынша шұғыл келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ХАМАС кепілде ұстап отырған АҚШ азаматын босатуға уәде етті

Идан Александер – ХАМАС қолында қалған соңғы тірі америкалық тұтқын. АҚШ тағы төрт азаматының сүйегін қайтаруды ХАМАС-тан сұрап отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада Таяу Шығысқа сапарын бастайды, бірақ Израильге бару жоспары жоқ.

11 мамырда ХАМАС 2023 жылғы 7 қазанда жасаған шабуыл кезінде тұтқынға алған адамдардың жаңа видеосын жариялаған. Видеоның соңында "атысты тоқтату туралы келісім ғана тұтқындардың өмірін сақтап қала алады" деген жазу берілген. Бұл видео қашан және қандай жағдайда түсірілгені белгісіз.

ХАМАС 2023 жылы қазанда тұтқындап әкеткен адамдардың 58-ін әлі қайтарған жоқ, олардың шамамен 20-сы тірі болуы мүмкін деген болжам бар.